Өскеменде бір күнде екі баланы көлік қағып, біреуі қаза тапты
Кеше күндіз Ғарышкерлер көшесінде қыз баланы көлік қағып кетсе, кешкісін Ахмер ауылындағы Тоғас көшесінде ұл бала көлік астына түсті
Қыз бала ауруханаға жеткізілсе, ұл бала ауруханаға жетпей көз жұмды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі ақпаратына сүйенсек, 19 қыркүйек күні сағат 13.00-дер шамасында ВАЗ 21144 автокөлігінің жүргізушісі реттелмеген жаяу жүргіншілер өткелінде мектеп оқушысына жол бермей, оны қағып кетті.
Жүргізуші жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Жергілікті тұрғындар бұл маңда екі мектеп барын және балалар жолдан өтетіні үшін бұл жол үстіне жылдамдық бәсеңдеткіш орнатуды ұсынған. Сондай-ақ, дол үстіндегі ала сызық та өшіп барады, дұрыс көрінбейді.
Ғарышкерлер көшесіндегі бұл жол учаскесінде жылдамдықты 40 километрге дейін шектеу белгісі қойылған, - деп атап өтті ШҚО ПД. - Жол үстіне жылдамдық бәсеңдеткіш орнату туралы ұсыныс жергілікті атқарушы органға жіберілді. Ал 1.14.1 "Зебра" жол белгісі жақын күндері жаңартылатын болады.
Сол күні әлеуметтік желі қолданушылары Ахмер ауылындағы Тоғас көшесінде ұл баланы көлік қағып кеткені туралы жазды. Бала ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. ШҚО Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл ақпаратты растады. Іс материалдары прокуратурада жатқандықтан ШҚО ПД бұл оқиғаға қатысты пікір білдіре алмады.