Оқушылар жаз бойы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді
А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында "Жас кәсіпкер" жобасының алғашқы маусымы сәтті аяқталды
28 сәуір-29 тамыз аралығында өткен бұл курс "Оқы және дамы/ Учись и развивайся" жазғы академиясы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Төрт айдың ішінде 10-15 жас аралығындағы оқырмандар "табысқа жету үшін не істеу керек? " деген сауалға жауап ретінде қажетті білім мен дағдыларды игере отырып, бизнес әлеміне еніп кетті.
Жобаның мақсаты - жас қатысушыларға кәсіпкерлік туралы базалық білім беру, оларды кәсіпкерлерге тән ойлауға үйрету. Курс - шығармашылық ойлау сабақтары, шешім қабылдауға арналған тренингтер, өзіне деген сенімділік сабақтары, тіпті тәуекелге бару қабілетін дамытатын мотивациялық тренингтерден тұратын қызықты әрі мазмұнды бағдарламаны қамтыды.
Курс соңынан қатысушылар өз идеяларын, шығармашылықтары мен алған білімдері мен дағдыларын көрсетіп "Менің болашақ мамандығым" тақырыбында жобаларын қорғап, "Оқы және дамы" жазғы академиясына қатысқанын растайтын сертификаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.
"Жас кәсіпкер" жобасын "ICE" халықаралық білім беру орталығының директоры, экономика ғылымдарының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA), стратегиялық жаттықтырушы, 30 жылдан астам тәжірибесі бар бизнес-тренер - Елена Колос жүргізген.
Біз балаларға тек білім ғана емес, сонымен қатар өз мансабын құруға қажетті позитив беруге тырыстық. Жобаға қатысу нәтижесінде балалар тәжірибе жинақтап, шешім қабылдауға, өз-өзіне сенімді болуға және тәуекелге барудан қорықпауға үйренді. Бұл кез келген бизнес үшін, оның ішінде болашақ кәсіп үшін де өте маңызды қасиеттер, - деді Елена Анатольевна.