Өскемен тұрғыны коммуналдық мекеме қызметкері болып зейнеткерлерді тонаған
Бұрын істі болған ер адам өзін коммуналдық мекеме қызметкері ретінде таныстырып, зейнеткерлердің үйіне алдап кіріп жүрген
Ер адам құбырларды тексеруге немесе есептегіштердің пломбаларын ауыстыруға келгендей болып, қарттардың ақшасы мен әшекей бұйымдарын ұрлап кеткен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО ПД ақпаратына сүйеніп.
Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, ол үйдің ауласында отырғанда белгісіз адам өзін "Су арнасының" қызметкері ретінде таныстырып, есептегіштерді тексеру керек екенін айтқан. Әйел адам қызметкерге сеніп, оған пәтерінің кілттерін берген. Алайда кейінірек үйге келгенде зергерлік бұйымдары бар қораптың жоғалып кеткенін байқаған. Шығын сомасы шамамен 1 миллион теңгені құрады.
Келесі жолы күдікті электрик рөлін атқарып тағы бір 72 жастағы облыс орталығы тұрғынының есігін қағып, оның есептегіштері мен сымдарын тексеріп, қызмет ақысын сұраған. Әжені әңгімеге тарта отырып, оның 140 мың теңгесін ұрлап кеткен.
Үшінші 87 жастағы жәбірленушіге "коммуналдық қызметкер" оның есептегіштерінде ақаулық тапқанын, алайда егер оған 1000 теңге төлесе, ол бұл туралы хабарламайтынын айтқан. Пәтерден шығып бара жатып ер адам зейнеткердің сөмкесін ұрлап кеткен, оның ішінде 25 000 теңгесі бар әмиян болған.
Полицейлер күдіктіні анықтап, ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған 39 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны болып шықты. Ер адам ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып үлгерген, кейін оны полицейлер тәркілеген, - деп хабарлады ШҚО полиция департаменітінің баспасөз қызметі. - Қазіргі уақытта қаскөй қамауға алынды. Тәртіп сақшылары бұрын жасалған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан қырағы болуды және күдікті адамдарды үйге кіргізбеуді сұрайды. Қандай да бір коммуналдық мекеме қызметкерлері туралы ақпаратты кәсіпорынға қоңырау шалып, тексеру қажет.
Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз осындай қылмыстық әрекеттерден зардап шеккен болса, дереу "102" арнасына хабарлау керек.