Өзбекстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар ұсталды
Қарақалпақстанның астанасында 1 шілдеде Конституцияға түзетулер енгізу жобасында республиканың Өзбекстан құрамынан шығу құқығы туралы тармақты алып тастау ұсынысына қатысты жаппай наразылық шеруі өтті
Қарақалпақстанның ресми билігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Онда Өзбекстан Республикасы жүргізіп отырған ашықтық пен еркін ерік білдіру саясатына қарамастан, 2022 жылғы 1 шілдесінде Нүкіс қаласында қылмыстық топ Қарақалпақстан Республикасының мемлекеттік басқару органдарын басып алуға әрекеттену түрінде заңсызсыздықтар ұйымдастырды делінген.
Популистік ұрандарды қалқан ет отырып, көптің санасы мен сенімін алдау-арбаумен елітіп, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, республика азаматтарын Қарақалпақстан Республикасының әкімшілік ғимараттары кешенінің алдындағы алаңға жинады. Арандатушылар жиналған азаматтарға арқа сүйеп, аталған мемлекеттік мекемелерді басып алуға және осылайша қоғам арасына іріткі салып, бөліп-жарып, Өзбекстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасады, - делінген Жоқарғы кеңес хабарының мәтінінде.
Құқық қорғау органдары қабылдаған батыл шаралары, бастамашылықтары арқасында заңсыз әрекеттердің жолы кесіліп, жаппай тәртіпсіздіктердің өршуін ауыздықтау мүмкін болғаны да атап айтылады.
Біздің мемлекетіміз жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін қажетті әлеуетке ие екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар тобы мен құқық қорғау органдарына белсенді қарсылық көрсеткен адамдар ұсталды. Қазір оларға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық арандатушылар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады, - делінген мәлімдемеде.
Бұл жағдайда Қарақалпақстандағы жағдайдың ушығуына сырттағы жекелеген күштердің түрткі болуы, оның ішінде мақсатты түрде ақпараттар тарату, болып жатқан оқиғаларды қасақана бұрмалау арқылы іштегі жағдайға әсер ету әрекеттері алаңдаушылық тудыратыны атап өтіледі.
Қалыптасқан жағдайда ел азаматтарын қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлесіп әрекет етуге шақырады.