АҚШ Иранмен келіссөз жүргізуге дайын
АҚШ Президенті Дональд Трамп елдің Иранмен келіссөз жүргізуге дайын екендігін мәлімдеді
Иранның өзі дайын болған кезде ғана АҚШ тарапы онымен келіссөз жүргізетін болады, деп жазады 24.kz сайты.
Бұл туралы Ақ Үй басшысы Дональд Трамп іс-сапарымен Пенсильвания штатына аттанар алдында мәлімдеді. Алайда Иран Құрама Штаттардың Таяу Шығыстағы мүддесіне қайшы келетін әрекеттерге барса, онда аяушылық болмайтынын тағы жеткізді. Бұған дейін Иран билігі АҚШ-пен арадағы жағдайды одан әрі ушықтырмас үшін келіссөздер жүргізуге әзірлігін білдірген еді. Естеріңізге сала кетсек, Иран таяуда уран байыту ісін жаңғыртатынын хабарлады. Яғни ядролық келісім аясында салынған шектеуге мойынсынбайтынын аңғартты. Бұған АҚШ-тың бір жыл бұрын 5+1 ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы санкцияларды күшейтуі себеп болған.
- Бұл туралы әлі сөйлескен жоқпыз. Не болатынын алдағы уақыт көрсетеді. Егер Иран бізге қоңырау шалса, онда міндетті түрде келіссөз жүргіземіз. Тек Иран тарапы бұған өзі дайын болса болғаны. Ондай қадамға әзір болмаса, бізді мазаламай-ақ қойсын, - дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.