Солтүстік Корея шекарадағы әскери қызметкерлерін ауыстырды
Әскери қызметкерлердің Оңтүстік Кореяға қарай қашуын тоқтату үшін Солтүстік Корея елі шекарадағы сарбаздарын толықтай ауыстырды
13 қараша күні шекара әскері күзететін Пханмунджом пункіндегі сарбаздардың бірі әскери бөлімнен қашып шығып, Оңтүстік Кореяның шекарасына өтіп кеткен. Бұл әскери күзет орны - Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея елдерінің сарбаздары бір-біріне өте жақын орналасатын шекара бөлігі. Арақашықтығы ондаған метр ғана.
Ал Солтүстік Кореяның сарбаз заставадағы көлікті алып қашып, Оңтүстік Кореяның шекарасын асып өтпек болған. Алайда қазылған орға келіп кептеліп қалған. Сол уақытта оған Солтүстік Корея әскерилері оқ атып, бес жерінен жаралайды. Сарбаз қашқан күйі Оңтүстік Кореяның шекарасын асып жығылады. Кейін ауруханаға жеткізілген. Қазір жағдайы қалыпты.
- Осы оқиғаға байланысты Солтүстік Корея билігі қашқан әскериді ұстап ала алмағаны үшін шекарадағы қызметкерлерін ауыстырған болуы керек, - дейді Кей-би-эс телеарнасы.