Иран ядролық келісімшартты бұзуы мүмкін
Тегеран билігі егер АҚШ тағы да Иранға қарсы жаңа санкция жариялайтын болса, онда бұған дейін жасалған ядролық қаруды қолданбау жөніндегі келісімшартты бұзатындығын мәлімдеді
Бұл жайында Иран президенті Хасан Роухани парламент алдында сөйлеген сөзінде айтты.
- Егер олар (АҚШ) бұрын қолданып жүрген әдіс-тәсіліне (санкция) көшетін болса, онда біз бір аптаның ішінде, мүмкін бір айдың ішінде немесе бірнеше күннің, бірнеше сағаттың ішінде бұрынғы әдісімізге (ядролық қаруды қолдану) қайта ораламыз, - деп мәлімдеді Роухани.
Мехр атты Иран ақпарат агенттігінің айтуынша, ел президенті Роухани «АҚШ пен оның басшыларына сенім артпайтындығын әрі ең сенімсіз серіктестер екендігін» айтқан.
- Бүкіл әлем Д.Трам бастаған АҚШ әкімшілігінің халықаралық келісімдерді мойындамайтындығын көріп, біліп отыр. Құрама штаттар сенімді серіктес бола алмайды, - деді Иран басшысы.
АҚШ Әкімшілігі 18 шілде күні Иранның зымыран шығару бағдарламасын қолдайтын 18 ұйымның атауын қара тізімге кіргізіп, санкция жариялаған болатын. Ал Иран билігі БҰҰ жанындағы Қауіпсіздік Кеңесіне АҚШ-тың әрекетіне шағым түсіріп, Вашингтон билігінің халықаралық ядролық қару жөніндегі келісімшартты бұзып отырғандығын айтқан еді.
Иран және тағы алты мемлекет (Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия) 2015 жылдың 14 шілдесінде Иранның ядролық қару жағдайын халықаралық бақылауға алу жөнінде келісімшарт жасаған болатын. Ал өзге мемлекеттер Иранға қатысты санкцияларды жоққа шығару керек еді.