Сеул Пхеньянға жартыаралдағы жағдайды жақсарту бойынша келіссөз жүргізуді ұсынды
Оңтүстік Корея КХДР-ға Пханмунджом шекара қызметіндегі қорғаныс мекемесінің өкілдерінің қатысуымен келіссөздер жүргізуді ұсынды
Бұл туралы бүгін Рёнхап агенттігі хабарлады.
- Біз шекарадағы қақтығыстарды тоқтату үшін қорғаныс мекемелерінің өкілдерімен келіссөздер жүргізуді ұсындық, - дейді Корея Республикасының қорғаныс министрінің орынбасары Со Чху Сок.
Сонымен қатар, оңтүстіккореялық тарап Қызыл Крест желісі бойынша кеңес ұйымдастыруды ұсынды. Соңғы рет Сеул мен Пхеньян үкіметаралық келіссөздерді 2015 жылдың соңында жүргізген.
Корея жартыаралындағы жағдай солтүстіккореяның ракеталық бағдарламасының белсенді дамуына орай ушығып отыр. Шілде айының басында КХДР "Хвасон-14" континентаралық баллистикалық зымыранын сынады. Осы жағдай АҚШ, Жапония, Оңтүстік Кореяның наразылығын тудырды.