1 сәуірден бастап Қытайда ит пен мысық жеуге тыйым салынды
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында ит пен мысық жеуге тыйым салынды
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 1 мамырдан бастап ит пен мысықтың етін жеуге және сатуға тыйым салынады, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
- Ит пен мысық өзге жан-жануарларға қарағанда, адамға ең жақыны. Сондықтан өзге дамыған елдерде және Гонконг пен Тайваньда оларды жеуге тыйым салынған. Бұл қалыпты жағдай, - делінген жергілікті билік таратқан хабарламада.
Humane Society International ұйымының мәліметінше, қытайлықтар жыл сайын 10 миллион ит пен 4 миллион мысық жейді екен.
Айта кетейік, бұған дейін Қытай билігі коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін жабайы жан-жануардың етін жеуге және сатуға тыйым салған болатын. Елде доңыз, қой, есек, қоян секілді үй жануарларын және үй құстарын асырауға және жеуге болады.
Еске салайық, 2019 жылдың соңында Қытайдың Ухань қаласында пайда болған COVID-19 коронавирусы бүгінде әлемге тарап, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны пандемия деп мәлімдеді. Қазіргі таңда ауру 1 миллионнан астам адамға жұғып, олардың 50 мыңнан астамы қайтыс болған.