Испаниядағы ең қарт адам көз жұмды
Франциско Нуньес өзі дүниеге келген кішігірім Бьенвенида ауылында көз жұмды
Ақтық сапарға аттанар алдында 113 жаста болған Франциско Нуньес әлемдегі ең қарт ер адам ретінде танылып келген. Ұзақ өмір сүрген қарт бір дәуірдің елеулі оқиғаларына куәгер болды.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда ол 10 жаста болды. 1920 жылы ол Испания мен Францияның берберлік Риф эмиратына қарсы, Мороккода соғысты.
Ф.Нуньестің төрт баласы, тоғыз немересі және 15 шөбересі бар. Жары 1988 жылы қайтыс болған.
Ер адам дүйсенбі күні көз жұмса да, қазасы туралы сейсенбі күні белгілі болды. Жерлеу рәсімі кешке өтеді.
Әлемдегі ең қарт адам титулы 2017 жылдың тамыз айында 113 жасқа жетіп көз жұмған Исраэль Кришталдан соң Ф. Нуньеске берілген болатын.
Басылымдар Ф.Нуньесті әлемдегі ең қарт адам деп атаса да, Гиннестің рекордтар Кітабына кірмеді. Себебі жасын растайтын құжаттардың түпнұсқасы сақталмаған.