Facebook: Әлеуметтік желіде бойкүйездік танытқан денсаулыққа зиян
Әлемдегі ең үлкен әлеуметтік желілердің бірі Facebook қолданушыларына үндеу тастап, желіні белсенді қолдануға шақырды
Фейсбук Мичиган университетінің студенттерімен бірігіп, зерттеу жүргізген. Ол бойынша студенттер екі топқа бөлініп, бірінші топқа Фейсбуктегі жаңалықтар мен жазбаларды тек оқуға ғана кеңес берсе, екінші топқа жазба бөлісіп, достарымен мессенджер арқылы сөйлесуге, жазбаның астына пікір қалдырып, фотосурет салуға тапсырма берген. Ал тәжірибенің соңында алғашқы топтағы студенттермен сөйлескен кезде, олар әлеуметтік желіні қолданудан еш ләззат алмағанын айтқан.
- Ал екінші жақтан, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, жазба бөлісіп, пікір білдірсе, достарымен сөйлессе, бұл қолданушының көңіл-күйін жақсы әсерге бөлейді, - дейді компания.
Фейсбук бұған дейін де Пенсильвания штатындағы Карнеги-Меллон университетінде өткен зерттеуде әлеуметтік желіде белсенді болған қолданушының жағымды әсерге ие болатындығын айтқан еді.
- Біздің зерттеулер адамның көңіл-күйі мен денсаулығы әлеуметтік желіні қай мақсатта қолданатындығына байланысты екендігін дәлелдеп берді, - дейді Фейсбук.