АҚШ-та Вашингтон қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаржы жетпей жатыр
Қала әкімшілігі Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге көп қаржы бөліп, енді басқа мемлекеттік мерекелерді өткізуге қаражат жеткізе алмай отыр
Вашингтонда өткен, Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге арналған "Америкаға от-шашу" шарасына 1,7 млн доллар жұмсалған. Бұл – қалада өтетін мемлекеттік мерекелерде қауіпсіздік шараларын ұйымдастыратын арнайы қордың қаржысы болатын. Енді ол таусылып қалып отыр.
Қала әкімі Мюриэль Баузердің айтуынша, қорға 6 млн доллардың қаржысы жетпей жатыр. Оның үстіне, 2017 жылы өткізілген Дональд Трамптың президенттік инаугурациясына жұмсалған 7,3 млн доллар да әлі қорға қайтқан жоқ. Егер бұл қаржы қорға қайтпайтын болса, онда қауіпсіздік шараларына қажет қаржы Вашингтон қаласының тұрғындарының мойнына артылмақ.
Одан бөлек, мэр астананың қауіпсіздік шараларын ұйымдастыруға жыл сайын 16,5 млн доллардың қажет екендігін айтады. Ал конгресс жыл сайын тек 13 млн долларын ғана мемлекет қалтасынан бөледі.