Азия ойындары: Қазақстан қоржыны күміс және қоламен толықты
Каратэ мен грек-рим күресі, бокстан қазақстандық спортшылар жүлделі орыннан көрінді
Лаура Әліқұл мен Карина Ибрагимова Азия ойындарының күміс жүлдегерлері атанса, Әлімхан Сыздықов - Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚР Туризм және спорт министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Қазақстандық каратэші Лаура Әліқұл Азия ойындарының күміс медаліне ие болды. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда қытайлық Цяоцяо Лиге 0:4 есебімен ұтылды.
Грек-рим күресінен 29 жастағы Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта қола жүлде үшін белдесуде Түркіменстан палуаны Айбегшазада Курраевтан 5:1 есебімен басым түсті.
Осылайша, грек-рим күресінен 6 салмақта жүлдеге таласқан Қазақстан спортшыларына 1 күміс, 2 қола жүлде бұйырды.
57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Карина Ибрагимова Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Финалда ол Тайбэйден келген екі дүркін әлем чемпионы Ю Тин Лиден жеңіліп қалды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Карина Париж Олимпиадасына лицензия ұтып алған болатын.