ӘЧ: Қазақтанның шахматшы қыздары күміс жүлде қанжығалап қайтты
Польшаның Быдгощ қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасы сенсациялық түрде екінші орынды иеленді
Мемлекет басшысы өзінің Instagram парақшасында жерлестерімізді құттықтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Шахмат федерациясы ақпаратына сүйеніп.
Қазақстандық қыздар чемпионат финалында Грузия құрамасымен кездесіп, жеңіліс тапты.
Қазақстандық команда құрамында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Әсел Серікбай және Әмина Қайырбекова өнер көрсетті. Жарыста ұлттық құраманы оның жаттықтырушылары Павел Коцур мен Александр Моисеенко алып жүрді.
Біз әйелдер құрамамызды мақтан тұтамыз. Ересектер арасындағы командалық әлем чемпионатының күміс жүлделері – қазақ шахматының тарихында алғаш рет болған таңғажайып жетістік. Бұл шахматшылардың өздерінің, жаттықтырушылар құрамы мен федерациямыздың бүкіл командасының қажырлы еңбегінің, сондай-ақ республика бойынша ұлттық құраманың мыңдаған адал жанкүйерлерінің қолдауының нәтижесі екені сөзсіз. Дарынды ойыншыларымызды жаңа белестер мен бұдан да керемет жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін, - деп атап өтті ҚШФ президенті Тимур Турлов.
Мемлекет басшысы шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасын Польшада өткен командалық әлем чемпионатында күміс медаль ие болуымен құттықтады.
Шахматтан Қазақстан құрамасын әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медальға ие болуымен құттықтаймын! Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің озық үлгісін көрсетті. Сіздердің тамаша жетістіктеріңіз шахмат спортын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпақтың оған деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық.
Мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете береді. Еліміздегі кәсіби және әуесқой шахматшыларға тек жарқын жеңістер тілеймін! – деп жазды Президент өзінің Instagram парақшасында.