ҚР-да қауіпті вирус кең тарап, халық жаппай ауырып жатыр
Вирустар бір-біріне қосылып, суперинфекция жүріп жатыр
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі “Адырна” ұлттық порталына сілтеме жасап.
Қазақстанда қауіпті вирус тарап жатқанын жеткізген министр Ажар Ғиният халыққа маска тағып жүруді ұсынды.
Қазір Қазақстанда коронавирустың «Омикрон» штамы бар. Оның бірнеше түрі тіркелді. Вирус өзгеріп, қоғамда өмір сүруін жалғастыруда. Бүгінде елімізде COVID-19-дың "Цербер" штамы да бар. Тұмаудың 3 түрі де, шошқа тұмауы да, аденовирус та тіркелді. Біз инфекциялардың бір-біріне қосылып жатқанын көріп отырмыз. Суперинфекция – вирустар бір-біріне қосылуда. Осылайша, инфекциялар ауруды асқындырып жатыр, - деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Ажар Ғиният биыл өзі қазанда тұмау мен коронавирусқа қарсы екпе алғанын атап өтті. Сондай-ақ, тұрғындарға бір-бірімен кездескенде, ұшаққа отырғанда маска тағып жүруі керектігін жеткізді.
Айта кетейік, Өскемен қаласында да науқастар көп.
Балаларым кезек-кезек ауырды. Әлсіздік, температура да бар, іш өтіп, құсып, тамақтары қызарып... Артынша өзіміз, ересектер де ауыра бастадық. Антибиотикпен ғана емделіп жатырмыз, - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Сәфия Аңсаған.