Зайсандықтар әлем чемпионатында топ жарды
Үндістан мемлекетінің астанасында гір көтеру спортынан әлем чемпионаты өтті
Әлем чемпионатында Зайсан ауданының спортшылары Ернұр Қайрат алтыннан, ал Қуаныш Қыдырпатша күмістен алқа тақты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазан айының 26-30 күндері аралығында Үндістан мемлекетінің астанасы Нью-Дели қаласында гір көтеру спортынан 2022 жылдың әлем чемпионаты өтті.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен Зайсан ауданының тумаларының бірі әлем чемпионы атанса, енді бірі күміс жүлдегері атанып отыр.
Әуесқойлар арасында 68 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ернұр Қайрат (жұлқа көтеруден) 24 кг гір тасын 189 мәрте көтеріп, осымен үш дүркін әлем чемпионды, - деп сүйіншіледі Зайсан ауданы әкімдігі. - Кәсіпқойлар арасында +95 кг салмақ дәрежесінде Қуаныш Қыдырбатша жарыстың бірінші күнінде серпе көтеруден күміс жүлдегер атанса, жарыстың екінші күнінде 32 кг гір тасын (жұлқа көтеруден) 175 мәрте көтеріп, тағы да күміс медаль иегері атанды. Осымен Қуаныш бесінші мәрте әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.