Германияның ірі туризм қауымдастығы Қазақстанда форум өткізеді
Тамызға жоспарланған форум Қазақстанның туристік өнімдерін Германия нарығына енгізудің тиімді тетігі болмақ

Әлемдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі – ITB Berlin аясында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Deutscher Reiseverband (DRV) ұйымымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Келісімге сәйкес, биыл тамыз айында Астанада DRV Destination Forum өтеді. Бағдарлама аясында Қазақстанның туристік мүмкіндіктері таныстырылып, неміс туроператорларымен B2B форматындағы келіссөздер ұйымдастырылады, сондай-ақ елдің негізгі туристік бағыттары мен инфрақұрылымы көрсетіледі.
Келісімнің негізгі мақсаты – Қазақстанға арналған турларды Германияның ірі туроператорларының каталогына енгізу және оларды Германия нарығында белсенді насихаттау. DRV форумы – екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін маңызды қадам, – деді ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов.
Айта кетейік, ITB Berlin – жаһандық туризм индустриясының жетекші іскерлік алаңы. Көрмеге қатысу Қазақстанның Еуропа нарығындағы позициясын нығайтады. Мысалы, 2025 жылы Қазақстанға Германиядан шамамен 100 мың турист келген.
DRV – Германиядағы салалық туристік қауымдастық. Оған 3 000-нан астам компания мүше болып, Германия азаматтарының ұйымдастырылған сапарларының шамамен 90%-ын қамтиды. Қауымдастық салалық күн тәртібін қалыптастырып, елдің туристік саясатының дамуына ықпал етеді әрі халықаралық туризм нарығында маңызды рөл атқарады.