Қазақ қыздары бокстан әлем чемпионатында тамаша нәтиже көрсетті
Сербияның Ниш қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті

Қазақстан құрамасы бірнеше жылдық үзілістен кейінжоғары нәтижеге қол жеткізіп, ел қоржынына үш алтын, екі күміс және бір қола медаль салды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚР Туризм және спорт министрлігі ақпаратына сүйеніп.
Бұған дейін әйелдер құрамасы 2016 жылы елордада өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 2 қола медаль жеңіп алған еді.
Биылғы додаға Қазақстан толық құраммен қатысты. Турнир барысында жерлестеріміз 35 жекпе-жек өткізіп, оның 26-сында жеңіске жетті. Назым Қызайбай (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг) мен Аида Әбікеева (63 кг) алтыннан алқа тақса; Виктория Графеева (60 кг), Елдана Тәліпова (+81 кг) күміс; ал Наталья Богданова (70 кг) қола жүлдені еншіледі.
Назым Қызайбай бұл жеңісімен Қазақстан тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін 2014 және 2016 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Назымды әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтап, оған зор табыс тіледі.
Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербиядағы Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін, – деді Президент.
Қазақстан бұл чемпионатта жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
- 1-орын: Ресей – 4 алтын, 1 күміс, 2 қола
- 2-орын: Қазақстан – 3 алтын, 2 күміс, 1 қола
- 3-орын: Түркия – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола