Бельгияда 3 күндік аза тұту жарияланды
Брюссельде болған қайғылы террорлық әрекеттерден кейін Бельгияда үш күндік қаралы күн жарияланды
Фото:
oreninform.ru
Елдегі мемлекеттік мекемелер мен еуропалық институттардың барлығы туды төмен түсіріп, ойын-сауық бағдарламалар толықтай тоқтатылған, деп хабарлайды "24.kz телеарнасының сайты".
Следующая →
Бұл лаңкестік шабуылдар Брюссель тұрғындарының көңіліне үрей ұялата алмады. Террорлық шабуылдың қайталануы мүмкіндігіне қарамастан, олар әуежай мен метро станциясына жиналып, қаза тапқандарды еске алуда.
Кешегі қанды қырғыннан кейін қайғыға батқан брюссельдіктер енді ес жия бастады. Телеарна арқылы халықтың қайғысымен ортақтасқан Бельгия Королі Филлип зұлмат шабуылдан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қайғысымен бөлісті. Ал шұғыл өткізілген баспасөз кеңесінде елдің Премьер-министрі Шарль Мишель халықаралық әуежай мен Маальбек метро станциясында болған жарылыстардан кейін Бельгияда террорлық шабуыл қаупі шекті деңгейге жеткенін хабарлады.
Шарль Мишель, Бельгия Премьер-министрі:
- Еліміз бен азаматтарымыз қорқақ әрі зұлым жандардың шабуылына тап болды. Халқымызға қара жамылдырған осындай қайғылы сәтте барлықтарыңызды сабыр мен бірлікке шақырамын. Біз бірлескен түрде жедел қимылдап, өз бостандығымыз бен еліміздің қауіпсіздігін берік қорғайтын боламыз.
Аталған террорлық шабуылдың бірер күн бұрын қолға түскен Салах Абдесаламның тұтқындалуымен байланысы бар деген мәліметті Премьер-министр растай қоймаса да, жоққа шығармады. Қазір теракт кезінде халықаралық әуежайда қаза тапқан лаңкестердің мәйітіне зерттеу жүргізіліп, оқиға орнында тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондықтан әуежай бүгін де жабық тұр. Дегенмен қаладағы қоғамдық көліктер біртіндеп өз жұмысына кірісе бастады. Оған қоса қалың қарауылмен қоршалған мектептер мен Еуропа шенеуніктері отыратын кейбір мекемелер ешқандай қауіпке қарамастан, жұмыстарына кірісті. Ал әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғадан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен жандардың жақындары іздеу жариялады. Бірақ әзірге қанша адамның хабарсыз кеткені туралы нақты мәлімет жоқ. Жақындарын айырылған жүздеген адам террорлық шабуылдан қаза тапқандарды еске алу үшін орталық алаңға жиналған.
Каману Тамба, Брюссель тұрғыны:
- Мен зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіріп, лаңкестікке жол жоқ деп айту үшін келдім. Метроның осы бағытымен күнде қатынаймын. Неге екенін білмеймін, сол күні сәл кештеу шығайын деп шештім. Өйтпегенде Маальбек станциясындағы жарылыс кезінде менің де қаза табуым әбден мүмкін еді. Бірақ жолым болып, аман қалдым.
Али Карим, Брюссель тұрғыны:
- Осындай қаралы күнде бір-біріне қолдау көрсетіп, қайғыны бөлісу үшін жиналып жатырмыз. Мұнда адамның діні мен ұлтына, түсіне бөлінбейді. Себебі қайғы бүкіл әлемге ортақ деп ойлаймын. Сондықтан бәріміз бірге болуға тиіспіз. Брюссель бұған дейін мұндай сұмдықты бастан өткермеген.
Бельгия федералды прокуратурасының мәліметінше Завентем әуежайындағы жарылыс кезінде екі лаңкестің көзі жойылып, біреуі сытылып кеткен. Қазірде бақылау камерасына түсіп қалған қылмыскер бүкіл ел аумағынан ідестірілуде. Осыған байланысты тінту жүргізілген Схарбек ауданындағы пәтерлердің бірінен жарылғыш зат пен «Ирак пен Левант лаңкестік ұйымының» туы табылды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, қастандық әрекеттен қаза тапқандардың саны 34-ке жеткен. Ал жараланған екі жүзден астам адамның 10-ы өте ауыр халде жатқан көрінеді.