ШҚО-да су добынан чемпионат аяқталды
Өскеменде су добынан 2006 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының 2-кезеңі өз мәресіне жетті
Облыс орталығында алғаш өткізілген сайысқа барлығы 8 құрамадан 150-ге жуық спортшы қатысты.
Атап айтсақ, додада жарыс иелерінен бөлек, Астана қаласы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарының спортшылары бақтарын сынады. Сайыста өңір намысын ШҚО су спорты түрлері бойынша балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің екі бірдей құрамасы қорғады.
Жеті күнге жалғасқан жарыс қорытындысында Ақмола облысы 12 ұпай жинап, су добынан ел чемпионатының 2-кезеңінің жеңімпазы атанды. Чемпионат жеңімпазынан екі ұпайға қалып қойған Астана қаласының ұжымы 2-орыннан көрінді. Ал сайыс қожайындары Өскемен 1 құрамасы сегіз ұпай еншілеп, үздік үштікті қорытындылады.
Спортшылар мұнымен шектеліп қалмайды. Айта кету керек, осыдан кейін су добынан ел чемпионатының 3-кезеңі 11 сәуір мен 21 сәуір аралығында Көкшетауда өтпек. Бұдан соң су добынан Қазақстан Республикасы біріншілігінің жеңімпазы белгілі болады.