Риддерлік Элина Михина Азия Гран-приінің екі дүркін жеңімпазы атанды
22 жасар шығысқазақстандық спортшы мен Вьетнам спортшысы Куач Ти Ланның 400 метрге жүгірудегі бәсекелестігі біздің отандасымыздың жеңісімен аяқталды
Жарыстың ІІІ кезеңінде қытайлық Тайпейде риддерлік Элина Михина 52,55 секунд көрсеткішімен мәреге жетіп, екінші жеңісіне қол жеткізді. Куач 52,96 секунд көрсеткішімен «күміс» еншіледі. Үндістандық Поовамма Мачеттира өткен екі кезеңдегі қола жүлде иегері, қытайлық Фу Наны (54,50 секунд) басып озып, үшінші орынға 53,11 секунд көрсеткішімен тұрақтады.
Естеріңізге сала кетсек, Элина Михина Цзиньхуада өткен І кезеңде вьетнамдық спортшыға 53,35 секунд көрсеткішімен жол беріп, күміс жүлде иеленген болатын. ІІ кезеңінде Михина жеңіске деген ұмтылысымен мәре сызығында вьетнамдық спортшыны бір секунд айырмасымен басып озып, 52,79 секунд көрсеткішімен жеңіске жеткен. Енді, міне, Тайпейдегі ІІІ кезеңде жеңіске қол жеткізіп отыр.
Азиялық Гран-придің екі алтын, бір күміс медальдары Элина Михинаға жаңа, маңызды жарыстарда батылдық беретіні сөзсіз.