Шымкентте бірегей спорт мектебі ашылады
Жаңа бокс спорт мектебі жас боксшыларға дайындалуға және тәжірибелі спортшыларға жаттығуға мүмкіндік бермек
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына орай, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтің бастамасымен пайдалануға берілгелі отырған бокс мектебінің құрылысы аяқталуға таяу. Аталмыш спорт нысаны оңтүстікқазақстандық жас боксшылардың тыңғылықты дайындалуына арналған басты спорттық база болып табылады, - деп Шымкент әкімдігінің сайтында хабарланады.
"Солтүстік" шағынауданында орналасқан №5-ші спорт мектебіне қарасты жаңа ғимаратта спортшылар үшін бокстың әдіс-тәсілдеріне машықтануына толық жағдай жасалған. Нысанда соңғы үлгідегі заманауи оқу сыныптары, жаттығу бөлмелері, жанға жайлы қонақүй, медицина кабинеті, монша, арнайы кәсіпқой бокс кешені және 220 көрерменге лайықталған аренасы бар.
Қазіргі уақытта бұрынғы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бұл ғимаратында бетонды еден ағаш тақтайшалармен ауыстырылып, қымтау жұмыстары жүргізілуде. Мұның барлығы жас спортшылардың жаттығу кезінде келеңсіз жағдайларға кез болмауы үшін жасалуда.
- Қала әкімдігіне қарасты бұл кешен ел аумағындағы халықаралық талаптарға сай алғашқы бокс мектебі ретінде саналады, - дейді мекеме директоры Заңғар Қасқаев.
Мұнда білікті жаттықтырушылар жасөспірімдермен қатар, ересектер үшін де арнайы кесте бойынша дәріс бермек. Осы арқылы №5-ші спорт мектебі әлемдік кеңістіктегі спорттық шараларды қабылдау мүмкіндігі бар. Бұған дейін ел аумағында мұндай мүмкіндікке Астана және Алматы қалалары ғана ие болып келген еді.
Сонымен қатар, мұнда жас өскіндердің біліктілік қабілетін арттыру мақсатында Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен ұлттық құрама мүшелерінен дәріс алуына жағдай жасалған.
Айта кетейік, №5-ші спорт мектебінде қазіргі таңда 700-ге таяу тәлімгер дәріс алуда.