Қазақстан футбол федерациясы спорттық іс-шараларды тоқтатты
Қазақстан футбол федерациясы COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты барлық шараларды тоқтату жөнінде шешім қабылдады
Қазақстан футбол федерациясы COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына байланысты футбол, футзал, әйелдер футболы, балалар мен жасөспірімдер, бұқаралық футбол, ардагерлер арасында жарыстарды, сонымен қатар, білім беру семинарлары мен әртүрлі форумдарды өткізуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Премьер-лига командалары арасындағы OLIMPBET-Қазақстан Чемпионаты мен ҚР Кубогының ойындары күнтізбеге сәйкес өтеді. Алайда, жанкүйерлер үшін стадиондардың есігі жабық болады.
OLIMPBET-Қазақстан Чемпионаты мен ҚР Кубогының ойындарына жарысқа қатысушылармен қатар, ресми тұлғалар мен стадион қызметкерлері қатысады.
Ойындарға БАҚ өкілдері де қатыспайды. Тек көрсетілім жұмыстарымен айналысатын арнайы топ жұмыс істейді.
Профилактикалық шараны тоқтату жөнінде қосымша хабарланады.