Алматыда гранатаның жарылуынан бір адам зардап шекті
Болжам бойынша, ер адам гранатаны үйіне әкелген, бірақ полиция қызметкерлері әзірге бұл болжамды растамады
Қалалық денсаулық сақтау департаментінде зардап шегушінің жағдайы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz сайты.
- Ер адам бүгін таңғы 7-де жабық бас-ми жарақаты, оң қолының еті мен сүйегінің жарақаты, бас, мойын, кеуде тұсының 2-3 дәрежелі күйігі, тыныс алу жолдарының күйігі диагнозымен ауруханаға жеткізілді. Клиникалық-зертханалық тексеруден кейін реанимация бөліміне жатқызылды. Қазір оның жағдайы тұрақты түрде ауыр, - деп хабарлады Алматы қалалық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаменті күйік шалуға әкеп соқтырған заттың әзірге нақты не екенін айталмайтындықтарын жеткізді.
- Алматының Жетісу ауданында белгісіз затты пайдалану кезінде ұқыпсыздық танытқан 1985 жылғы И. есімді азаматтың денесін күйік шалған. Қазір ол қаладағы медициналық мекемелердің бірінде ем қабылдап жатыр, - деді полиция өкілдері.