Алматыда бірнеше БАҚ редакциясы эвакуацияландырылды
Алматы қаласының шұғыл-құтқару қызметі Республика алаңындағы ғимараттан жарылғыш зат іздеуде
КТК телеарнасының редакциясына бірнеше республикалық БАҚ редакциясы орналасқан ғимаратта жарылғыш зат бар деп белгісіз біреу хабарласқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ақпарат редакцияға 12.30-да түскен. Хабар бірден Алматы полиция департаментінің шұғыл басқармасына берілген.
Бірнеше минуттың ішінде патрульдік жасақ келіп, ғимараттан қызметкерлерді дереу далаға шығарды.
- Қызметкерлер түгелдей дереу далаға шығарылды. Қазіргі уақытта ТЖД, прокуратура мен ҰҚК ғимаратты тексеріп жатыр, - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар, жарылғыш зат туралы түскен хабарламаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоңырауды кім және қайдан шалғандығы анықталуда. Жалған ақпарат берген азамат алты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.