Облыста газдан уланғандар неге көп?
Жылу маусымы басталысымен құтқару қызметімен айналысатын мамандардың дабыл қағатын мәселесі - бұл жер үйлердің өртенуі мен адамдардың иіс газынан улануы
Мәселен, өткен сенбі-жексенбі күндері алты адам иіс газынан зардап шеккен. Ал қазан айының алғашқы аптасында үш адам газ иісінен тұншығып, есінен айырылған. Жылыту маусымы басталғаннан бері иіс газынан уланудың тоғыз дерегі тіркелген. 18 адам зардап шегіп, бір адам газдан уланып қайтыс болған. Дүйсенбі күні Серебрянск қаласында өрт болып, екі адам көз жұмды. Өрт шағын болғанымен, екі бірдей адамның өмірін жалмаған.
Жылыту кезеңі енді ғана басталғанымен, газдан уланған, өрттен зардап шеккен адамдардың саны артуда. Былтыр елуден астам адамға иіс тиген. Биыл облыста 1200-ден астам өрт болып, 29 адам қайтыс болған. Оның ішінде үшеуі - бала. 158 адам өрттен құтқарылған.
Ал құзіретті органдар орын алған өрттің 80 пайызына тұрғындардың өздері кінәлі дейді.
- Иіс газынан улану да, оттың өртенуі де, көбінесе, жер үйлер мен шаруа қожалықтары аумағында болады. Өйткені тұрғындардың көбі өз мүлкін өрттен сақтау мен денсаулығын қорғаудың амал-әдістерін білмейді. Тұрғындарда сақтану мәдениеті қалыптаспаған, - дейді ШҚО ТЖД ақпараттандыру және тұрғындарды үйрету тобының бас маманы Анастасия Скляр.
Облыста 280 мыңнан астам тұрғын үй орналасқан. Оның ішінде 18 мың тұрғын үй Өскемен қаласында салынған болса, 22 мың тұрғын үй Семей қаласында, 25 мың тұрғын үй Үржар ауданында тұрғызылған. Облыстың өзге аудандарында, шамамен, 19-20 мың тұрғын үйден орналасқан.
Зардап шегудің алдын алумен айналысатын топ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, рейд жасағанымен, иіс тию фактілері мен өрттің шығуынан жапа шегушілердің саны азаяр емес. Мамандардың айтуынша, бұған тұрғындардың немқұрайлығы мен кейбір әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұялардың сақтыққа бейсана қарауымен байланысты.
- Өрттен жапа шеккен немесе иіс тиіп ауруханаға түскен адамдардың көбі - тұрмысқа бейімсіз, бойкүйез адамдар. Бұлардың көбі ішімдікке салынған. Кейбірінің құжаттары жоқ. Ешнәрсеге құлықсыз, қарекетсіз, ықтияры таяз адамдар. Қанша ескерткенімізбен, ешқандай нәтиже жоқ. Ал кейбір адамдар сақтық шараларын біле тұра ешбір әрекетке бармайды. Яғни, немқұрайлы. Ал біз мұндай тұрғындарға жаза қолдана алмаймыз. Алдын алу жұмыстары тек түсіндіру, ескертумен ғана шектеледі, - дейді Өскемен қаласы ТЖБ МӨББ бас маманы Марина Лискова.
Мәселен, былтыр ғана жергілікті телеарналардың бірімен түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде жер үйде тұратын тұрғындардың біріне сақтық шараларын жасау жөнінде толық ақпарат берілген. Алайда ол тұрғын ертеңінде-ақ иіс газынан тұншығып көз жұмған.
Дегенмен, мұндай немқұрайлы адамдардың үйінде өрт жағдайы қайталанатын болса, онда ҚР Әкімшілік кодексінің «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау» бабы бойынша ескерту жасалып, айыппұл салынуы мүмкін.
- Рейд жүргізу барысында ата-аналардың балаларды, көбінесе, қараусыз қалдыратыны белгілі болды. Мәселен, аз қамтылған отбасының үйіне жәрдем көрсетуге барған кезімізде алты баланың үйде жалғыз қалғанына куә болдық. Көмектесуге ниеттеніп келіп отырсақ та, ата-аналар өрт сөндірушілерді өздері қарсы алмады. Ал үйде пеш жағулы, газ қосулы қалдырылған, - дейді Марина Лискова өмірдегі оқиғаны баяндап.
Облыста барлығы 1000-нан астам аз қамтылған отбасы тұрады. Бұлардың ішінде көпбалалы аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Былтырдан бастап Төтенше жағдайлар департаменті аз қамтылған отбасыларға көмек болсын деп, 20 жанұяға газдың мөлшерін есептейтін құрылғыны тегін орнатып берген. Бұл құрылғылар үйде иіс газдың мөлшерін есептеп, арнайы нормадан ауытқыған кезде дабыл қағады. Мұндайда ұйықтап жатқан үй иелері оянып, есік-терезені ашып желдетеді.
- Газдың түсі не исі болмайды. Сондықтан адамдар газдың мөлшері артып келе жатқанын бірден байқамайды. Ал үйді желдетпеудің кесірінен газдың мөлшері артады, адамның миына әсер етіп, оны жансыздандырады. Газ үйдің ішіне кірмеу үшін мұржа мен пештің өңешін тазалап отыру керек. Үйдің ішіне аздап таза ауаның кіріп отырғаны да дұрыс. Көмірдің сапасына мән беру қажет, - дейді Анастасия Скляр.
Департамент биыл тағы да 30 отбасыға аталған құрылғыны тегін орнатып беруді жоспарлап отыр. Бесеуі Өскемен қаласында, бесеуі Семейде, алтауы Зырян ауданында орнатылады.
- Тағы бір құрылғы Глубокое ауданында зардап шеккен бес балалы отбасының үйіне орнатылады, - дейді Анастасия Скляр.
Суық басталған сәтте электр құрылғыларын қосу да жиілейді. Жылытқыш, салтқындатқыш, пеш сынды құрылғылар токты көп жейді.
- Ал осыдан 60-70 жыл бұрын тұрғызылған үйлердің ток өткізу сымдары мұндай көлемдегі кернеуді көтере алмайды. Бұл да өрттің шығуына себеп болады, - дейді Марина Лискова.
Қала маңындағы саяжайдың көшелері қардан тазаланбай қалатын жағдайлар көп болады. Бұл өрт сөндірушілердің оқиға орнына жылдам жетуіне кедергі болмақ.
Шағымы көп бұл қоғамдық мәселенің жуық арада шешіле қоюы мүмкін емес. Өйткені өркениетті елдердегі сынды халықтың саналы әрекет етуі тұрғындар өмірінде, күнделікті тұрмыста әлі қалыптаса қоймаған.