Өскеменде бойжеткен құрылыс алаңынан өтіп бара жатып зардап шекті
Құрылысшылар қала тұрғынының басына құрылыс тақтайшасын құлатып алған. Салдарынан қала тұрғыны жарақат алған. Куәгерлер алғашқы көмек көрсетіп, оқиға орнына жедел жәрдем шақырған
Оқиға «Даниель» сауда үйі жанында құрылысы жүргізіліп жатқан сауда кешенінің маңайында орын алған. Бойжеткен болған оқыс оқиға жайлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
- Бүгін мен басымнан жарақат алдым, - деп жазады бойжеткен. - Сіздер «Бұл қалай болды?» деп сұрарсыздар. «Тамерлан» сауда үйінен ұялы телефон сатып алып, «Даниель» сауда үйі жаққа құрылыс жұмыстары маңайындағы көпшілік жүретін жаяужолмен бара жатқан болатынмын. Кенеттен менің басыма бір нәрсе келіп тиді. Кейін анықталғандай ол құрылыс тақтайшасы болып шықты. Егер де басымнан қатты қан ақпаса ары қарай кете беруші де едім. Жедел жәрдем шақырып, маған көмектесіп, өзінің орамалын берген қызға рахметімді айтамын. Қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет. Жанымыздан жай ғана өтіп кетпей полиция шақырған бозбалаға рахмет. Алайда, полиция келмеді. Менің басыма бұдан да аса ауыр затты құлатып алмаған ғимарат құрылысшыларына рахмет. Әйтпегенде, мені үйде күтіп отырған балаларыма орала алмаушы едім.
Жарақат өте ауыр. Жедел жәрдем дәрігерлеріне қала тұрғынын ауруханаға жеткізуге тура келген.
Енді қала тұрғындары аталған құрылыс маңайынан өткенде абай болғандары жөн.