Қазақстандық турист Өзбекстанда түрмеге түсіп қалды
Қазақстандық туристің Өзбекстанда түрмеге түсуіне оның ұялы телефонындағы бейнеролик себеп болған
КТК телеарнасы хабарлағандай, отандасымыз, Семей тұрғыны Виталий Ненченко көрші елдегі туыстарына бармақ болған көрінеді. Алайда оның ұялы телефонының ішіндегі бейнеролик өзбек полициясының күдігін тудырған. Күдік тудырған WhatsApp месенджері арқылы келген екі бейнеролик көрінеді. Жақындарының айтуынша, Виталий бұған дейін мұндай қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған.
- Қазақстан мен Өзбекстан елшілігі ұсталған күдіктінің туыстарымен тығыз қарым-қатынаста отыр. Біз Өзбекстан құқықтық органдарына аталмыш істе құзіреттілік танытуын өтіндік. Біз Нынченконың бұған дейін ешқандай заң бұзушылыққа бармағанын әрі екі елдің достығына сызат түсіргісі келмегеніне мән беруін сұрадық, - дейді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.
Естеріңізге салсақ, 5 жыл бұрын тағы бір отандасымыз өзбек түрмесіне қамалған болатын. Оның да қолындағы нетбугынан күдікті видео табылып, экстремистік уағыз жүргізді деген айыппен ақыры 5 жылға сотталды. Виталий Ненченконың жақындары да енді осылай 10 жылға дейін сотталып кетеді деп үрейленіп отыр.