Солтүстік Қазақстандағы ормандарға қауіп төніп тұр
Солтүстік Қазақстанның Қызылжар, Мамлют, Жамбыл және Шал-акын аудандарында сарықанат жібек көбелегі 247 га орман аумағын басып кеткен
- Жібек құрты мамыр айында белсенді бола түседі. Қысқа ұясында жатып қатты ашыққан жібек құрты ағаштың жас, жасыл жапырақтарына ауыз сала бастайды. Ағаштарды сақтап қалу мақсатында арнайы биологиялық препараттармен өңдеу жұмыстарын жүргіземіз, - дейді облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты қолдануды бақылау басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.
Басқарманың айтуынша, ағаштарды зиянкестерден тазартуға 380 мың теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «Гергулес» препаратымен Қызылжар ауданында тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
- Препараттың тиімділігі жоғары, зиянкестердің 98%-ын өлтіре алады. Дезинфекция жұмыстарын 15 маусымға дейін аяқтауды ойлап отырмыз, - дейді «СҚО бойынша Фитосанитария" РМК бөлім жетекшісі Ерлік Есімсейітов.