Демалыс күндері ШҚО-да төрт адам суға батып кетті
Барлық қайғылы оқиға судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермеудің салдарынан орын алған
ШААШҚБ құтқарушылары Бұқтырма су қоймасынан 22 жасар жігіттің денесін алып шықты. Дәл сол күні басқа құтқару тобы Глубокое ауданындағы көлден 33 жасар әйел адамның денесін тапқан. Ал Жарма ауданындағы Шар өзенінен 40 жасар ер адамның денесі табылса, Ұлан ауданындағы Қызыл өзенінен ата-анасы өз жеті жасар баласының денесін алып шыққан.
Айта кетсек, Өскеменде суға батып кеткен 14 жасар баланың денесін іздеуге қосымша ШҚО ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің мамандары да жұмылдырылған болатын.
Қайықтағы құтқарушылар ШААШҚБ сүңгуірлерімен бірге Үлбі және Ертіс өзені маңын түгел тексеріп жатыр. Лай су мен судың қатты ағысы іздеу жұмыстарына кедергі келтіруде.
Сонымен қатар, қалада өзен жағалауын іздестіру үшін еріктілер тобы құрылған.
Құтқарушылар тұрғындарға аса сақ болып, сүңгуірлердің жұмысына кедергі келтірмеулерін сұрайды.