Ақмола облысында жоғалған кішкентай қыз табылмай жатыр
Елордадан 40 шақырым жердегі Қабанбай батыр ауылына қыдырып барған 2 жасар Эллина Құлдинаның хабарсыз кеткеніне бүгін екінші күн
Фото:
365info.kz
Болжам бойынша, Нұра өзеніне әке-шешесімен демалуға барған қыз қараусыз қалып, суға кетуі мүмкін, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты». Қазір құтқарушылар мен еріктілер тобы күні-түні маңайды шолып, кішкентай Эллинаны іздеуде.
-Ақмола облысында жоғалған қыз қатарынан екінші тәулік іздестіріліп жатыр. Болжам бойынша, 2 жасар Эллина осы маңайдан суға кеткен болуы мүмкін. Өйткені, ата-анасы қызынан осы жерде көз жазып қалған.
Сондықтан ең әуелі Нұра өзені мен оның жағасы тыңғылықты тексеріліп жатыр. Құтқарушылар өзен бойын қайықпен қарап, сүңгуірлер суды сүзіп шықты. Әзірге, нәтиже жоқ. Қырсық шалғанда, іздестіру жұмыстарына лай су мен қатты ағыс кедергі келтіруде.
Кішкентай Эллинаны іздеуге аяғынан тік тұрған құтқарушылардан бөлек, еріктілер тобы да жұмылдырылған. Тіпті, Астанадан арнайы автобус жалдап келген олар өзен бойымен 20 шақырым жүріп өтіп, орман ішін аралап шықты.
Нұрсұлтан Керебаев, Астана қаласының тұрғыны:
-Өзен бойымен жүріп шөптердің арасын ағаштардың арасын қарадық. Судың жағасы енді кішкене қиындау. Тағы бір топ автобуспен ауылдың арғы жағына кетті.
2 жасар Эллина Құлдина екі күн бұрын жоғалған. Астаналық отбасы Нұра өзенінен балық аулап, демалуға келген екен. Сөйтіп, кешке қайтуға жиналып жатқанда, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіріп жүрген кішкентай қыздарынан көз жазып қалады. Жанұшырған әкесі мен шешесі айналаны қарағанымен, ойыншығынан басқа ештеңе таппаған. Полицейлер болжам бойынша бейкүнә бөбек суға кетіп, тұншығып өлген деп отыр. Оның үстіне иісшіл иттер де, Эллинаның иісін өзен маңынан ғана сезген.
-Учаскелерді бөліп алдық. Бірін де қалдырмай қарап шығуымыз керек.
Бірақ, қызды біреулер ұрлап әкетуі мүмкін деген болжамдар айтылып жатыр. Ал, қайғыдан қан жұтқан ата-анасы есеңгіреп, сөзге келуге шамалары жоқ. Олар Эллинаның періштесі қағып аман есен ораларына үміттеніп отыр.