Өскеменде жігітті соққыға жыққан азаматтар ұсталды
Қаскөйлер 22 жасар жігітті соққыға жығып қана қоймай, ұялы телефонын да қолды еткен. Қылмыскерлерді құрықтауға бейнебақылау камерасының көмегі тиген
Фото:
exzk.ru
22-ақпан күні кешкі сағат 19-дар шамасында полиция бөліміне 22 жасар азаматтан қоңырау түскен. Ол орталық базар маңындағы сауда үйлерінің бірінің жанында оны үш адамның соққыға жыққанын хабарлаған. Сонымен қатар, зардап шегушінің сөзінше басбұзарлар бағасы 40 мың теңге тұратын ұялы телефоны мен 3000 теңге ақшасын да тартып алған.
Дегенмен, полицей қызметкерлері аталмыш қылмысқа қатысы бар азаматтарды шұғыл тұтқындады. Ұсталғандардың бірі 17 жасар колледж студенті болса, қалған екеуі 27 жаста. Облыс орталығының тұрғындарының бірі бұрын істі болған екен. Қылмыскерлер жасағандарын мойындап, ақша мен телефон иесіне қайтарылды.
Заңгерлер бұны озбырлық деп бағалады. Алайда, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарына байланысты ШҚО ІІД баспасөз қызметі толық ақпарат берген жоқ.