Атырауда балық браконьерлері ұсталды
Атырауда балықтарды көліктің салонына салып алып, тасымалдмақ болған браконьерлер ұсталды
Фото:
uvomvd01.ru
Атырауда 3 бірдей Лэнд Крузердің салоны мен жүксалғышын балыққа толтырып, көтерме бағамен сатуға апара жатқандар ұсталды. Сазандар Каспийде заңсыз жолмен ауланған екен, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Үш көлікке лық тиелген сазандардың жалпы салмағы 4 тонна. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 3 көлік қалаға балықшылығымен аты шыққан Жанбай ауылынан түнделетіп, жолсызбен жетіпті. Көлік иелері – 41, 27 және 25 жастағы азаматар.
Үшеуі де жұмыссыз екен. Олар жайлы, балық сатқан ауыл адамдарының өздері полицияға ақпарат берген көрінеді. Қазір үшеуі де қолхатпен бостандыққа жіберілді.
Ал балшық пен балықтың қан-жынына әбден былғанған көліктері айып тұрағына қойылды. Жалпы құны 3 миллион теңгеге жуықтайтын мына сазандар балық аулап, өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың біріне өткізілетін болды.