Такси жүргізушісі шымкенттіктердің 1,5 млн теңгесін алдап иемденген
Шымкентте такси жүргізушісі «Пәтер алуға көмектесемін» деп бір емес, жеті тұрғынды 1,5 млн теңгеге алдаған
Жергілікті тұрғын такси жүргізушісі ретінде тұрғындарды жеткізіп салу барысында сөзге тарта отырып, пәтер алуға көмектесемін деп сендірген. Оның сөзіне сенген қарапайым адамдар қызметі үшін сұраған 100-500 мың теңге аралығындағы қаражатты берген. Осылайша жалпы жеті азаматты алдаған алаяқ 1 млн 585 мың теңге көлемінде шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жайт бойынша полицияға арызданған тұрғындардың оқиғасы бір мазмұнды болғандықтан, бір іске біріктіріліп, «алаяқтық» бабымен тіркелген.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында жәбірленушілерден жауап алынып, олардың ақша аударымдары тексерілді. Нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, тұрғылықты мекенжайы бойынша ұсталды.
Тергеу барысында азамат өз кінәсін толығымен мойындап, келтірген шығынды қайтарып берген. Алайда азаматтың іс-әрекетінде алаяқтық бойынша қылмыстық іс болғандықтан, іс айыптау актісімен сотқа өткен. Сот шешімімен ер адам ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары азаматтарға сақтық шараларын қатаң ұстанып, күмәнді қызмет ұсынып, қызметіне ақы сұраған бейтаныс адамдарға сенбеуге шақырады. Түрлі алаяқтардың айла-амалдарына тап болмас үшін құжаттарды заңмен рәсімдеу қажеттігі туралы айтады. Егер алаяқтықтың болмаса басқа да қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда «102» арнасы арқылы полицияға хабар беріңіз.