Теміртау маслихатының депутаты бопсалау бойынша тұтқындалды
Теміртау маслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңесінің төрағасы Кеңесхан Басқарбаев бопсалау әрекеті бойынша тұртқындалды
Фото:
gogetnews.info
Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының мамандары кәсіпкер, Теміртау қаласының тұрғынынан қомақты соммада қаражат бопсалағанын анықтады. Теміртау қалалық маслихатының депутаты Кеңесхан Басқарбаевтың және 33 жасар қала тұрғынының бұл қылмысқа қатысы бар екені белгілі болды, - деп хабарлады Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінде.
Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Кеңесхан Басқарбаев және оның сыбайласы кәсіпкерді қорқыту арқылы пәтеріне сенімхат жазғызып, Украинаның Житомир облысындағы үйінің құжаттарын тартып алған. Сонымен қатар, «Ваз-21214» автокөлігін өз аттарына аударып алған. Өткен жексенбіде жүргізілген тінту жұмыстары нәтижесінде депутаттан үйдің құжаттары, ал сыбайласынан марихуана, пәтердің кілті мен автокөлік табылады. Ұсталған қылмыскерлер уақытша қамау изоляторында. Кеңесхан Басқарбаев қалалық бокс және кикбоксинг федерациясының президенті екенін естеріңізге сала кетейік.