Елордада синтетикалық заттар өндірген қылмыскерлер қолға түсті
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 3 келі 840 граммды құраған, ұсталғандардың бірі Ресей Федерациясының тумасы
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері елорданың және Қарағанды облысының наркологиялық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Family Village саяжай қалашығындағы үйлердің бірінде өндіріс ашқан екі қызды ұстады, деп хабарлады Polisia.kz. сайты.
Қылмыскерлер мегаполис аумағында көтерме саудамен айналысқан.
Ұсталған қыздардың бірі жалға алған үйді тінту кезінде 1218 дана «Экстази» синтетикалық есірткі заты, 2 келі «Альфа-ПВП» синтетикалық есірткісі, сондай-ақ 140 литрден астам прекурсорлар – есірткі өндірісінде пайдаланылған заттар және үйде дәрі-дәрмек жасауға арналған түрлі зертханалық жабдықтар тәркіленді, - деп түсіндірді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Тәркіленген есірткіге сот-химиялық сараптама жүргізілді. Осылайша, полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін тағы бір есірткі зертханасын тапқан.
Ұсталғандар бір жылдан астам уақыт бойы Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткінің ірі партиясын жасап, сатумен айналысқан. Күні кеше ғана ұсталғандар қаланың шетінде салмағы 1,2 келі болатын екі ірі мефедрон затбелгісін өткізгені анықталды. Олар қосымша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәркіленді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі.
Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 3 келі 840 граммды құрады. Айтпақшы, ұсталғандардың бірі Ресей Федерациясының тумасы.
Қазіргі уақытта сотталушылардың қылмыстық әрекеттерін құжаттандыру, сондай-ақ басқа да қатысы бар тұлғаларды анықтау шаралары жүргізілуде.