Алматы облысында жалған ақша жасаған азамат құрықталды
Алматы облысында жалған ақша жасаған азамат құрықталды
Қазіргі таңда тергеу жүргізіліп жатыр, деп жазады ktk.kz сайты.
Алматы облысында жалған ақша жасайтын цех табылды. Оқиға орнынан "EPSON" маркалы түрлі-түсті көшіру аппараты, қағаз кесуге арналған станок, лактар, бояулар, сиялар және ақша купюраларының үлгілері тәркіленді.
- 8 қыркүйек күні Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Талғар қаласында 10 000 теңге және 5000 теңге номиналдық жалған ақша купюраларын дайындайтын жасырын цехты ұйымдастырған 1989 жылы туған Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 231-бабы 1-бөлігі (Ұлттық банктің жалған банкноттарын өткізу мақсатында дайындау және сақтау) бойынша қылмыстық ісі қозғалды, - деді аталған ведомствоның баспасөз қызметінің өкілі аға тергеуші Идрисова Айнұр Болатқызы.
Ведомствоның мәліметінше, Алматы облысының сауда орындарында осы жалған ақша қаражатын өткізу фактілері анықталды. Тергеу жалғасуда.