Іш киіміне есірткі жасырған
Өскемен қаласында есірткіні заңсыз сақтаған отбасылық жұп анықталды
“Көкнәр-2019” шұғыл-алдын алу шаралары барысында Есірткі қылмысымен күрес басқармасының қызметкерлері 32 жастағы келіншектің іш киімінен тоғыз полимерлі пакетке салынған ұнтақ зат тапқан. Жалпы салмағы 4,96 грамм.
Ал оның 36 жастағы күйеуінің қалтасынан жалпы салмағы 0,81 грамм болатын екі пакет шықты.
- Сараптама нәтижесіне сүйенсек, табылған пакет ішінде психотропты есірткі болған екен, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. - Тіпті, бұл отбасылық жұп бұрын істі болған көрінеді.
Енді аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабы 3 және 4-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір полиция қызметкерлері бұл есірткі затын сату үшін емес, өздері үшін заңсыз дайындап, сақтаған болса керек деген деректі тексеріп жатыр. Аталған бап бойынша, ерлі-зайыптылар 200 АЕК-ге (505 мың теңге) дейін айыппұл салынады немесе үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады.