ШҚО-да елік атқан аңшы ұсталды
"Тойота Ленд Крузер" көлігімен аңшылыққа шыққан 42 жастағы тұрғын аңды заңсыз аулаумен айналысқан
Құқық қорғау органдары заңбұзушыны "Браконьер" жедел алдын алу операциясын өткізу барысында қолға түсірген. Ол Өскемен мен Алматы тас жолында ұсталған.
ШҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, жол патрульдік полиция қызметкерлері мен табиғатты қорғау жөніндегі "Охотзоопром ӨБ" кәсіпорны өкілдері темір тұлпардың жүк салғышын тексере келе, атылған елік пен қаруды тауып алған. Аңшының қолында қару ұстауға рұқсат қағаз болғанымен, аңшылық жасауға рұқсаты болмаған.
Енді құқықбұзушыға "Заңсыз аңшылық жасағаны" үшін қылмыстық іс қозғалмақ.