Жалған ақпарат үшін қылмыстық жауапқа тартыласыз!
Әлеуметтік желіде тараған бөгде адамдар мектеп оқушыларына үйге шығарып салуды ұсынған және көлікке күштеп отырғызбақ болған ақпараттар шындыққа жанаспайтын болып шықты
Бірінші жағдайда музыкалық мектеп оқушысын бөгде ер адам үйге апарып тастайын деп сөзге тартады. Шошыған оқушы мектептің ішіне жүгіріп кіреді. Ер адам өзінің сөзін мектептің есігін ашып тұрып жалғастырады және бақылау камераларына түсіп қалады. Осыдан кейін мектеп күзетшісі барлық оқушыларға ескерту жұмыстарын жүргізген кезде тағы бір қыз балаға бөгде адамның осындай ұсыныс жасағаны белгілі болады.
- Бір хабарламада бұл оқиға Өскемен қаласындағы музыкалық және Семей қаласындағы саз мектебінде орын алды деп жүр. Тәртіп сақшылар жүргізген тексерулердің нәтижесінде бұл ақпарат және бейнежазба Ресей елінде болған оқиға екені анықталды. Яғни, мұндай жағдай біздің Шығыс Қазақстан облысында тіркелген жоқ, - деді ШҚО ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев.
Екінші жағдай Жібек жолы көшесі бойындағы «Көгалдандыру» аялдамасында орын алды. Яғни, ВАЗ көлігін тізгіндеген зейнет жасындағы ер адам аялдамада тұрған қызды күшпен көлікке салып әкетпек болған. Аялдамада тұрған екі әйел ешқандай әрекет танытып, көмекке де келмеген екен. Қыз бала әуре болғанда әрең құтылып кетеді.
- Біз көлік иесін таптық. «Көгалдандыру» аялдамасында мұндай жағдай болған. Бірақ зейнет жасындағы ер адам қызды көлігіне күштеп отырғызбақ болған жоқ. Ол Қасым Қайсенов кентінің тұрғыны болғандықтан, аялдамаға тоқтап, кентке баратындар болса ала кетейін деп ұсыныс тастаған екен. Мұндай ұсыныс аялдама тұрған қызға да айтылады. Ал сол сәтте көлікте зейнеттегі ер адамның келіні мен немересі де отырады. Қыз бала оқиғаны үйдегі ата-анасына айтқан, ал ата-аналасы жағдайдың мән-жәйін ұғынбастан әлеуметтік желіге ақпарат таратып жіберген, - деп түсіндірді Бақытжан Торғаев.
Жалған ақпарат таратудың арты қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан тәртіп сақшылары қыз баланың ата-анасымен әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.