ШҚО-да өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған азамат бойжеткенді зорламақ болған
Қылмыскер әлеуметтік желі арқылы кәмелеттік жасқа толмаған бойжеткенмен танысып, қысым көрсетіп, кездесуге мәжбүрлеген
Облыс прокурорларының айтуынша, қылмыскерлер өз құрбандарын онлайн аңдитын көрінеді.
- Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында ШҚО соты жасөспірімдерге жыныстық қысым көрсету бойынша 15 қылмыстық істі қарастырған, - деп мәлімдеді ШҚО прокуратурасының 10 басқармасының прокуроры Ерлан Құланбаев. – Мәселен, 30-дан асқан Н. Есімді азамат «ВКонтакте» әлеуметтік желісі арқылы 16 жасар бойжеткенмен танысып, өзінің жасөспірімдер ісі бойынша инспектор екенін айтқан. Бопсалау арқылы оны кездесуге мәжбүрлеп, артынша көлікте арам ойын іске асырған. Қылмыскер 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, прокурор қылмыскерлер 16 мен 60 жас аралығындағы азаматтар екенін атап өтті.
- Олардың барлығы да тұрақты жұмысы жоқ немесе бұрын істі болған азаматтар, - дейді Ерлан Темірбекұлы.
Прокурордың айтуынша осындай қылмысқа жасөспірімнің жақындары мен туыстары баратын сәттер көбейіп кеткен.
- Қазіргі таңда барлығы, оның ішінде балалар да ғаламторға тәуелді, - дейді ШҚО прокуратура басқармасының 1-санатты прокурорыайдос Тұрсынов. – Прокуратура, полиция, білім беру бөлімдері тиісті мониторингтік сараптамалар жүргізіп отырады. Ата-аналар да өз кезегінде баласын жіті қадағалап, қандай сайттарға кіретінін біліп отыруы қажет. Егер ғаламторда қандай да бір сексуалдық қылмыс, гомосексуалдық әрекеттерді насихаттайтын материалдарды байқап қалатын болсаңыздар 24-54-82 сенім телефоны арқылы немесе бірыңғай колл-орталыққа 115 нөмірі арқылы хабарлауыңызға болады.