Таразда педофил 8 жастағы қызды зорлап, артынан өлтіре жаздады
Екінші сынып оқушысы азғыннан қашып құтылған. Әбден азапталған жеткіншек қазір хал үстінде жатыр
Екінші сынып оқушысы азғыннан қашып құтылған. Әбден азапталған жеткіншек қазір хал үстінде жатыр. Оған екі мәрте ота жасалған. Енді тағы бір рет пышаққа түсуі тиіс. Ал күдікті көпке ұзамай қолға түскен. Сөйтсе, ол Шымкент қаласының 29 жастағы тұрғыны екен. Ол қазір тергеу абақтысында жатыр. Мәліметтерге қарағанда, азғын жақында ғана түрмеден мерзімінен бұрын шыққан көрінеді, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Сұмдық оқиға Шөлдала ауылы тұрғындарының төбе шашын тік тұрғызды. Тапа-тал түсте далаға ойнауға шыққан 8 жастағы қыз бірер сағаттан соң үйіне қан-жосасы шығып оралған. Сөйтсе екінші сынып оқушысын келесі көшедегі қараусыз жатқан үйде белгісіз бір азамат зорлапты. Ересек адамның қаршадай қызға көрсеткен қорлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Атасының айтуынша, азапталған немересі сүйретіліп әзер жеткен.
-Сіздер іздедіңіздер ме?
-Жоқ, келді ғой өзі. Сосын білдік.
Жәбір көрген жеткіншек болған жайтты жақындарына баяндап берген. Дереу тәртіп сақшыларына хабар айтылып, полицейлер ізін суытпай оқиға болған жерге шұғыл жетіпті. Сөйтіп азғын сол жерде ұсталды. Ақсақалдың сөзінше, қаскөй масаң күйде болған.
-Сол жерде ату керек еді. Сол жерде өлтіру керек ондай адамдарды. Мал да істемейді ғой ондайды, бұзауларға мынадай бұқалар асыла ма?
Жәбірленуші балалар ауруханасында хал үстінде жатыр. Ішкі құрылыстарына қатты зақым келген. Осында түскен бойда, оған екі мәрте операция жасалған. Бүгін жансақтау бөлімінен жалпы палатаға шығарылғанымен, бірер күнде тағы бір ота жасалуы тиіс.
Эльбрус Салпағаров, Жамбыл облыстық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі:
-Төменгі жағы бәрі жарылып кеткен. Жағдайы ауыр болды. Операиця жасап бәрін орнына келтірдік.
Белгілі болғаны азғын 29 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны екен. Педофилдің Таразда не бітіріп жүргені әзірге беймәлім. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу қапасына жабылған. Енді ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.