Өскемендік жүргізуші өзінің және өзгенің көлігін жағып жіберді
27 сәуір күні отты дұрыс пайдаланбаған Ниссан Цефиро», көлігінің иесі өзінің көлігін өртеп алады. Өрттен жанындағы көлік те қиянат көреді
Таңғы сағат 6.00 шамасында Қазақстан көшесіндегі тұрақта 1995 жылы шығарылған «Ниссан Цефиро» көлігі жанып кетті.
- Қозғалтқыштың бөліктері, салоны және көлік шанағының (кузов) бөлшектері жанады. Өрттің өршуінен жанында тұрған «Ниссан Кашкай» көлігі де зақымданады. Өрттің ауқымы 3 шаршы метрді құрады, - деді Өскемен қалалық ТЖБ баспасөз қызметі.
Мекемедегілер өрттің шығуы көлік иесінің мас күйінде шылым шегуіне байланысты болуы мүмкін деп отыр. Оның айтуынша, ол шылым шегіп ұйықтап қалады. Оянғанында көлік жанып жатады. Алғашында ол өртті сөндірмек болады. Ал ол қолынан келмегендіктен оқиға орнынан қашып кетеді.
Өртті байқап қалған жолаушылар «102» нөміріне хабарласады. Оқиға орнына жедел жеткен №1 Өскемен қалалық өрт сөндірушілер бөлімі «Ниссан Кашкай» көлігін жалмап бара жатқан отты тоқтатады.
- Өрт сөндірушілердің бірлескен жұмысының арқасында көлікті аман-алып қалды. Өртті сөндіруге 8 адам, 2 техника жұмылдырылды, - деп атап өтті баспасөз қызметінде.