Қарттар күні қария есінен танды
Өскемен қаласында ақсақал трамвайдан құлап, есінен танып қалды
Оқыс жағдай 1 қазан күні түскі уақытта орын алды. Соның салдарынан Мызы көшесі бойында трамвайлар бір сағат бойы кептелісте тұрды.
Өскемен қалалық Көлік компаниясы директорының м.а. Михаил Чайка айтқандай, қарияның есіктен шығып бара жатқанын трамвай жүргізушісі көрмей қалып, есікті жауып жіберген.
Бұны байқағандар дереу жүргізушіге айтқан, ал ол есікті ашып жібергенде қария трамвайдан құлап кеткен.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем қызметі жеткен.
- Трамвай қозғалысы тек 45 минуттан кейін қалыпқа келтірілді, - дейді Михаил Чайка.
69 жастағы қария облыстық мамандандырылған медициналық орталыққа жеткізілді. Дәрігерлер оның жамбас буыны мен иығы жарақаттанғанын айтады.