Риддерде автобус өзенге құлап кетті
Қоғамдық көлік Коноваловка ауылына қарай бағыт алып бара жатып Быструха өзеніне құлап кеткен
Автобустың қатысымен болған жол-көлік оқиғасы кеше сағат 15.25-те орын алды, деп хабарлайды Устинка LIVE.
Полицияның хабарлауынша, қоғамдық көліктің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай қалған.
- Автобус ішінде бес адам болған: жүргізуші, кондуктор мен үш жолаушы, - деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. - Оның төртеуі медициналық көмекке жүгінген.
Апат салдарынан ешкім қаза таппады. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтауда. Тәртіп сақшылары ҚР ҚК 345-бабының 1-бөлігі: "Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.