Оралда Ресей елшісі жасөспірімді қағып кетті
Жергілікті полицейлер елшіні жазалаудың еш қажеті жоқ екендігін айтуда
Оралда РФ вице-консулы жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кеткен. Оқиға Хусейнов пен Шаған-Набережная көшесі қиылысында 19 тамыз күні орын алған. Алайда полиция қызметкерлері оқиғаны енді ғана хабарлап отыр.
Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі бөлімінің басшысы Манарбек Нажиевтің айтуынша, жасөспірім жолдан өтіп бара жатып, жолда тұрған "Тойота Королла" көлігіне келіп соғылған.
- Жасөспірім дәрігерлердің қарауынан кейін үйіне қайтарылды. Ата-аналар сот-мединалық сараптамадан өтуден бас тартты. Жүргізушіге еш кінә артып отырған жоқ, - дейді полицей.
Сонымен қатар Манарбек Нажиев вице-консулға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тартудың еш негізі жоқ екендігін айтады.