Тараздағы химиялық зауыттан ауаға зиянды фторит тарады
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Таразда ауаның ластанғанын жариялады
Кеше сағат 20.00-де "Казфосфат" ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытында бір реттік түтін шығарылымы орын алды, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімдігі.
Алдын ала жүргізілген талдаулардың нәтижесі бойынша, фтор қосылыстарының шамалы жоғарылағаны байқалады. Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар зауыты мен қаланың санитарлық шекарасында азот секілді басқа заттардың көбеюі анықталмаған. Облыс әкімінің тапсырмасымен экологтар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады. Қазіргі уақытта басқа да аймақтарда зерделеу жұмыстары жалғасуда. Тұрғындардан сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз, - деп жазды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүгін кешке әлеуметтік желіде Тараз қаласының іргесіндегі "Қазфосфат" ЖШС-нен қою түтін шығып, тұрғындарды әбігерге салған болатын.