Қауіпті селфи: қостанайлық полицейлер көпірден секіргісі келген қызды құтқарды
Бойжеткен көпірден секірмек болып тұрған фотосын жігітіне жібермек болған
11 сәуірде таңғы сағат 06.20-да патрульдік полиция экипажы құрамындағы Талғат Қалисенов пен Диас Бабулов Тәуелсіздік көшесін патрульдеу кезінде көлік шамымен белгі берген автокөлікті байқаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлерді тоқтатқан көлік жүргізушісі көпірден өтіп бара жатып, рельстен көтерілуге тырысқан қызды байқағанын айтқан. Экипаж дереу оқиға орнына жетеді.
Біз келе жатқанда менің серіктесім Диас Бабулов көліктен шығып, көпір қоршауынан өтпек болған қызды ұстады, – деді полиция қызметкері Талғат Қалисенов.
Полицейлер бойжеткенді көлікке салып, тыныштандырғаннан кейін бұл әрекетке қызды жігітімек арадағы жанжал себеп болғаны анықталған. Қыз көпірден өзін суретке түсіріп, қауіпті селфиді жігітіне жібермекші болыпты. Бойжеткен дағдарыс орталығына жеткізілді, қазіргі уақытта психологтар онымен жұмыс істеуде.
Талғат Қалисенов патрульдік полицияда 10 жылдан астам қызмет етеді. Оның тәжірибесінде бұл үшінші құтқару операциясы. Барлық жағдайларда мұндай әрекеттің себебі – жақын адамдармен жанжал.
Ал полиция қызметкері Диас Бабулов ішкі істер органдарында бар болғаны 2 жыл қызмет етеді, бірақ бұл шұғыл жағдайда сауатты әрекет етуге кедергі болмады.