ҚР Президенті мен лауазымды тұлғаларға шабуыл жасамақ болған шетел агенті ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік қызметі шетел барлау агентін қолға түсірді
Ол Президентке және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларға қастандық жасауды жоспарлаған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған қоса, арнаулы және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты террористік актілер де ойластырған. Тінту барысында шетелде шығарылған дыбыс өшіргіші бар снайперлік винтовка, есірткі заттары және ірі ақша сомасы тәркіленді. Қару Қазақстанға кәсіби жасырылған түрде бөлшектермен әкелінген.
Бұдан өзге, күдікті әлеуметтік желілерде тиісті материалдарды жариялау арқылы Ресейге қарсы үндеуді насихаттау және қоғамда русофобтық көзқарастарды тудыру тапсырмаларын орындаған. Алдын ала тергеу барысында ҚР азаматы жоғарыда көрсетілген істерді шетел мемлекетінің тапсырмасы және мүддесінде жасағанын мойындады.