ШҚО-да балықшы-браконьер қолға түсті
43 жастағы ер адам заңсыз балық аулағаны үшін ұсталды, ол үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Тәртіп сақшылары Бородулиха ауданының тұрғынынан сегіз қап заңсыз ауланған балықты тәркіледі.
7 ақпанда «Құқықтық тәртіп» бітімгершілік іс-шарасы барысында Алматы-Өскемен тас жолының 970 шақырымында патрульдеу кезінде «Тойота» автокөлігі тоқтатылды, деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Құжаттарды тексеру барысында 43 жастағы Бородулиха ауданының тұрғыны Көкпекті ауылынан Семей қаласына беттеп бара жатқаны белгілі болды. Полицейлер көлікті жүксалғышта тексеру кезінде тиісті құжаттары жоқ сегіз қап балық тапқан. Келтірілген шығын 213 000 теңгені құрады.
Ер адамның өзі Семейде одан әрі сату үшін балық тасымалдап жүргенін түсіндірді. Оған қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 335-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу» бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.